Басшы

Агзамов Азамат Казизович

Басшы

 

Қымбатты оқырман!

Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің ресми сайтына қош келдіңіздер!

Сіздер біздің ресми ақпараттар алаңынан Астана қаласы әкімдігінің «№9 Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне» КММ қарасты 9 спорт түрінен 800 астам балалар мен жасөспірімдер жайында және олардың жарқын жеңістері мен жетістіктерін дәріптеу мақсатында жазылған соңғы ақпараттарды таба аласыз.

Біздің мектебіміз спорт пен Дене шынықтыру саласындағы таланттарды дамытуға, әр баланың мүмкіндіктерін толық ашуға бағытталған. Мұнда әрбір оқушыға өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріледі. Жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, жеңіске деген жігерін арттыру, және өмірге деген жауапкершілігін қалыптастыру біздің басты мақсатымыз.

Сіздер біздің мектепте тек спорттық жаттығулармен ғана айналысып қоймай, бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатып, командалық рухты сезініп, табандылық пен шыдамдылыққа үйренесіздер. Мектебіміздің есігі әрқашан ашық, болашақ чемпиондар мен рухты жастарды қабылдаймыз. Бізбен бірге жаңа биіктерге жетіңіздер!

Спорт — тек жарыс емес, бұл өмірлік дағдыларды үйренудің бір жолы.

Құрметпен, басшы Агзамов Азамат Казизович

Елордада семсерлесуден Астана қаласының ашық чемпионаты өз мәресіне жетті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылған бұл додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бақ сынап, өз шеберліктерін көрсетті. Жарысқа Астана, Тараз және Қарағанды қалаларынан 70-ке жуық спортшы қатысып, жекелей сын бойынша өзара мықтыны анықтады.

Биылғы чемпионатқа 2011-2012, 2013 және одан кіші жастағы жасөспірімдер қатысты. Олар семсерлесудің қылыш түрінен сайысқа түсіп, жоғары деңгейдегі шеберліктерін паш етті.

Чемпионаттың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Астана қаласы әкімдігінің №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Азамат Ағзамов жас спортшыларға сәттілік тілеп, семсерлесудің маңыздылығын атап өтті.

"Қайырлы күн, құрметті спортшылар мен жарыс қонақтары! Бүгінгі додаға жиналған баршаңызға сәттілік тілеймін. Семсерлесу – тек спорт емес, ақыл мен шеберлікті талап ететін өнер. Қазіргі таңда Астана қаласында бұл спорт түрімен 80-ге жуық бала айналысады. Оның ішінде біздің мектебімізде 59 бала жаттығуда. Бүгінгі жарыс – олар үшін үлкен тәжірибе әрі болашақ жарыстарға дайындықтың бір кезеңі. Баршаңызға тек сәттілік серік болсын!" – деді Азамат Ағзамов.

Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша №9 БЖСМ шәкірттері үздік нәтиже көрсетіп, бір алтын, екі күміс және алты қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, бұл чемпионат ақпан айында Өскемен қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі болып табылады. Жергілікті мамандардың айтуынша, осы додада жоғары нәтиже көрсеткен елордалық спортшылар Астана қаласының атынан ел чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.